Париж-2024: Карина Ибрагимова ширек финалға шыға алмады
ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін бокстан әйелдер арасында Карина Ибрагимова шаршы алаңға шықты.

Ол ширек финалға шығу үшін пуэрто-риколық Ашлэйн Мотта Лозадамен жұдырықтасып, нәтижесінде төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді.
Бұл Карина Ибрагимованың Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегі. Ол жарысты бірден 1/8 финалдан бастаған еді. Өкінішке қарай ұтылып қалды.
Айта кетсек, әйелдер боксынан Парижге үш спортшы лицензия жеңіп алған болатын. Олар – Назым Қызайбай, Валентина Хальзова және Карина Ибрагимова.
Қызайбай кеше екінші жекпе-жегінде қарсыласын жарыс жолынан тайдырып, ширек финалға шықса, Валентина Хальзова алғашқы айқасында қарсыласына жол берді.
Енді, боксшылардан ерлер арасында қазақстандық Сәкен Бибосынов пен өзбек Хасанбой Дусматов өзара сынға түседі.