16:59, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Парижде «Қазақстан ? Еуропаның стратегиялық әріптесі» форумы өтті
ПАРИЖ-БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Өткен бейсенбіде Қазақстанның «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында, Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігінің қолдауымен
Францияның Ұлттық Ассамблеясында Франция Президенті Николя Саркозидің қамқоршылығымен «Қазақстан ? Еуропаның стратегиялық әріптесі» форумы ұйымдастырылды, оның жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов бастаған парламенттік делегация қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан Республикасының Париждегі Елшілігіне сілтеме жасап.
Форумға «Франция-Қазақстан» достық тобының француздық депутаттары, Францияның министрліктері мен ведомстволарының жоғары лауазымды тұлғалары, атағы әлемге танымал француздың ірі компанияларының жетекшілері, дипломатиялық корпустың, Францияның іскерлер және академиялық топтарының өкілдері, сондай-ақ, Франциядағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.Форумды «Қазақстан-Франция» достық тобының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Ж.Кәрібжанов пен Франция Ұлттық Ассамблеясының депутаты, «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы Тьерри Мариани құттықтау сөздермен ашты.
Форум ауқымында «Қазақстан тәуелсіздігіне 17 жыл: стратегиялық әріптестік пен қауіпсіздік тәуекелі», «Қазақстан мен Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі» және «Экономика және технология саласындағы ынтымақтастық» тақырыптарына арналған үш дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Жақыпов және С.Есілов, Қазақстандық стратегиялық зерттеу институты директорының бірінші орынбасары С.Көшкімбаев, Инжиниринг және трансферттік технологиялар орталығының президенті А.Бітікбаев, Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Г.Мұтановтар баяндамалар жасады. Форумда сөз сөйлегендер Қазақстанның тәуелсіздік алған аз уақыттың ішіндегі қол жеткізген ірі табыстарын атап өтті. Сондай-ақ, әлемдегі ірі державалармен қатар, іргелес отырған жақын көршілерімен де тең құқықты және өзара сенімді қарым-қатынас орната алғандығына да баға берді. Өткен жылы Мадридте Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық ету туралы шешімі де Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнықтыруда үлкен сенімге ие болғандығын көрсетеді.