Парижде Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті

БРЮССЕЛЬ – ПАРИЖ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Сәрсенбі күні Парижде Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтті.
None
None
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Француз Республикасына жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес өткен жылы маусым айында құрылған Іскерлік кеңеске экономиканың негізгі және перспективалық салаларын қамтитын қазақстандық және француз кәсіпкерлері кіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Іскерлік кеңестің бірінші мәжілісі «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың аясында өтті және бірлескен инновациялық өндірістер құру үшін жаңа перспективалар ашып, француз инвесторларының қазақстандық экономикаға деген сенімдерін нығайтып, екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың біртіндеп дамуының маңызды бір кезеңі болды. Мәжіліске қатысушылар тақырыптық «дөңгелек үстел» отырыстарын өткізді, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, перспективалық қарым-қатынастар орнатты және қаржы, инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы және т.б. бағыттарда өзара іс-қимылдарды жалғастыруға келісті. Жиналған жұрттың алдында Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Ғалымжан Пірматов, Францияның сыртқы сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Анн-Мари Идрак сөз сөйлеп, екі елдің экономикалық саясаттарының басымдықты бағыттарын таныстырды. Мәжіліс қорытындысы бойынша Іскерлік кеңестің жұмыс бағыттары бекітілді.
Соңғы жаңалықтар