Парижде миллиардердің ота кезінде қаза табуына байланысты дәрігерлер сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Франция соты 2019 жылы бельгиялық миллиардер Эхуд Ланиадоға жасалған косметикалық операциядан кейін оның өліміне себепкер болған екі медициналық қызметкерді кінәлі деп таныды.
BILD жазғандай, 65 жастағы кәсіпкер Париждің орталығындағы жекеменшік клиникада жыныс мүшесін үлкейтуге бағытталған операция кезінде көз жұмған. Сот бұл оқиғаны абайсызда адам өліміне әкелу деп саралап, науқастың қайтыс болуына дәрігерлердің кәсіби қателіктері мен жағдайдың нашарлауына уақтылы әрекет етпеуі себеп болғанын атап өтті.
Сот материалдарына сәйкес, жедел жәрдем қызметі кеш шақырылған, ал реанимациялық шаралар дер кезінде жүргізілмеген. Сонымен қатар операция жасаған хирургтің Франция аумағында медициналық қызметпен айналысуға рұқсаты болмағаны, ал клиника басшысының тиісті медициналық сертификаттары жоқ екені анықталды.
Сот шешімімен клиника директоры 15 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, 50 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал хирург 12 ай шартты жаза алып, 20 мың еуро айыппұл арқалады. Екі тұлғаға да өмір бойына медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Белгілі болғандай, Эхуд Ланиадо аталған клиниканың тұрақты клиенті болған. Процедура барысында оның жүрегі тоқтаған. Кәсіпкер Omega Diamonds компаниясы арқылы байлық жинап, алмаз нарығының маманы ретінде танылған. Ол қаза тапқан сәтте Бельгияда салықтан жалтару ісі бойынша сотты күтіп жүрген.
Айта кетейік, Париж метросындағы қылмыстық оқиғаға байланысты күдікті қамауға алынды.