Парламент АҚШ-та сотталған Қазақстан азаматтарын қайтаруға мүмкіндік беретін конвенцияны қабылдады
Қылмыстық жазаны өтеу туралы америкааралық конвенция 1993 жылдың 9 маусымында Манагуада қабылданған. Конвенцияға 19 мемлекет мүше болып табылады, соның ішінде бұған Америка құрылығының Бразилия, Канада, Мексика, АҚШ секілді 16 елі қосылған, ал қалған үшеуі Сауд Арабиясы, Чехия мен Үндістан секілді Америка құрлығына жатпайтын мемлекеттер. Солардың арасына конвенцияға қосылатын тұңғыш Орталық Азия мемлекеті ретінде Қазақстан да енгелі отыр. Осылайша, Қазақстан бір конвенцияны қабылдау арқылы бір мезгілде 19 елмен қарым-қатынас орната алады деген сөз.
Конвенцияға сәйкес, бір қатысушы мемлекетте екінші қатысушы мемлекеттің азаматына қатысты шығарылған үкімді сотталған адам өзі азаматы болып табылатын мемлекетте өтей алатын мүмкіндіктер қарастырылады. Бұл ретте сотталған адамды бір мемлекеттен екінші мемлекетке беру үкім шығарған мемлекеттің сұрау салуы, қабылдаушы мемлекеттің сұрау салуы немесе сотталған азаматтың өзінің сұрау салуы негізінде жүргізіледі. Ол үшін сотталғандарды беру туралы сұрау салуды орталық органдар қарауға тиіс немесе ондай органдар болмаған кезде консулдық, дипломатиялық арналар арқылы қаралуға тиіс.
«Заңға сәйкес, біз Америка елдерінде сотталған азаматтарымызды қайтарып, қалған жазаны елімізде өтеуге мүмкіндік бере аламыз. Бірақ, бұл үшін бірқатар талап бар. Біріншіден, сотталғанның өзі немесе оның заңды өкілі соны қалауы қажет, оның еркі болмаса мәжбүрлеп әкелінбейді. Екіншіден, ол тұлға қабылдаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Үшінші - екі жақтың Қазақстанның да, Америка елдерінің де тиісті органдарының келісімі керек. Мұнымен қатар, сотталғанның іс-әрекеті екі елде де қылмыс болып танылуы тиіс. Бұдан бөлек, өлім жазасы болмауы қажет және қалған жазаның мерзімі кемінде алты ай болуы шарт», - деді ҚР Бас прокурор орынбасары Иоган Меркель.
Оның айтуынша, бүгінгі күні осы конвенция АҚШ-та сотталған қазақстандықтар Тәжаяқов пен Қадырбаевты қайтаруға мүмкіндік беретін құқықтық құрал болып табылады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.