Парламент «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалдау мерзімін 2050 жылға дейін ұзартатын келісім қабылдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы осы келісімге 2004 жылдың қаңтарында Астанада қол қойылған. Келісімнің мақсаты Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстан мен РФ мүддесіне орай одан әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі өзара ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Бұл ретте «Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды іске асыру, оның ішінде экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін құру шаралары көзделеді.
Сондай-ақ келісім бойынша «Байқоңыр» кешенін Ресейге жалдау мерзімі ұзартылады. Мамандардың айтуына қарағанда, аталған келісімнің күшіне енуі «Байқоңыр» кешенін Қазақстанның мүддесіне орай неғұрлым тиімді пайдалануға жәрдемдеседі. Сонымен бірге «Байқоңыр» ғарыш айлағында ұзақ мерзімдік ғарыштық бағдарламалардың, оның ішінде халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларының одан әрі іске асырылу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл ретте қазақстандық және ресейлік мамандар мен ұйымдардың «Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен жобаларды іске асыруға теңдей жағдайда қатысуы қарастырылады.
Келісімге сәйкес Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.