Парламент экологияға қатысты құжатты Президенттің қол қоюына жолдады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Сенат жаңа редакцияда ұсынған баппен келісті.
Заңда экологиялық саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру, климаттық реттеу тетіктері мен көміртегі офсетін дамыту, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ экологиялық реттеу мен бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар ескерілген. Заңмен мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты жекелеген ережелер нақтыланады. Құжатта киік дериваттарын сату жүйесінің операторын анықтау және оларды іске асыру тәртібін реттеу қарастырылған.
- Осы жылғы 25 маусымда Парламент Сенаты Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жеке бабын жаңа редакцияда ұсынды. Бұл түзету еліміз ратификациялаған Париж келісімінің 6-бабын іске асыруға бағытталған. Аталған түзетудің қабылдануы елімізге инвестициялар мен замануи технологияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, экономиканы декарбонизациялауға және экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. Бүгін Парламент Мәжілісінің тарихи қорытынды жалпы отырысында қабылданатын соңғы заңдардың бірі ретінде осы құжатты баршаңыз толық қолдап, оны Мемлекет басшысының қол қоюына жіберуді ұсынамын, - деді депутат Еділ Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Палата депуаттары бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, Сенат енгізген түзетумен келісті.
Айта кетейік, осы аптада Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын екінші оқылымда қарады. Сенаторлар құжаттағы бір бапты жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.