Парламент палаталарының бірлескен отырысы: Конституциялық Заң қабылданды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. 

Парламент
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Конституциялық заң жобасы бойынша құрылған бірлескен комиссия Парламент палаталарының тұрақты комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын қарап шықты. Бірлескен комиссияның қарауына жүзден астам түзетулер келіп түсті. Оның ішінен 60 түзету қабылданды. Қабылданған ұсыныстар мен ескертулер мына мәселелерге қатысты. Біріншіден, дербес кассациялық соттар құру бойынша. Астана қаласында үш, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар құрылады. Конституциялық заң жобасы аясында кассациялық соттардың өкілеттіктері, құрылымы мен құрамы айқындалып, олардың судьялары мен төрағаларына қойылатын талаптар белгіленді. Судьялар үшін кемінде 18 жыл заңгерлік өтілі немесе кемінде 8 жыл судьялық өтілі, оның ішінде үш жыл облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеуі қажет болады. Ал кассациялық соттың төрағасы үшін судья лауазымында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық соттың судьясы ретінде 5 жыл жұмыс өтілі талап етіледі», - деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.

Екіншіден, кассациялық соттардың құрылуына байланысты Сот жюриінің құрамы қайта қаралып, енді ол 13 судьядан және заң саласындағы қоғамдастықтың 2 өкілінен тұрады. Сонымен қатар Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамы да қайта қаралды. Енді оның құрамына 9 жұмыс істеп жүрген судья және отставкадағы екі судья кіреді. Үшіншіден, ҚР Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36 нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында, сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша нормалар қабылданды. Бұдан басқа, «заңдылықты өрескел бұзу» деген ұғымның өзі нақтыланды.

«Сонымен қатар бірлескен комиссия Қазақстан Республикасының басқа да конституциялық заңдарын өзгерту туралы ұсыныстарды қарады. Мәселен, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның кейбір нормалары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес келтірілді. Бұл нормалар саяси партиялар мен ұйымдардың байқаушыларына, сондай-ақ шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің референдум өткiзу кезiнде қатысу мүмкіндіктері мен оларды аккредиттеу тәртібіне қатысты. Мұнымен қоса, референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға және басқа да рәсімдік мәселелерге қатысты нормалар қабылданды», - деді депутат.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға:

– мемлекеттік бағдарламаларды бекіту жөніндегі құзыретпен толықтыру;

– Үкімет мүшелерінің тиісті салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыруды қамтамасыз етуі бойынша өзгерістер енгізілді.

«Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» ҚР Конституциялық заңы Президенттің мемлекеттік жоспарлау жүйесін келісу туралы өкілеттігімен толықтырылды. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында басқа да конституциялық заңдарға түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасының тақырыбын өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, құқықтық олқылықтарды жоюға, Конституциялық заң жобасы нормаларының ішкі сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер, сондай-ақ оны қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық және нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді», - деді С. Имашева.

Соңғы жаңалықтар