Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Вена дипломатиялық академиясында дәріс оқыды
ТАНА. 11 қазан. Қазақпарат. Венаға (Аустрия) жұмыс сапарының аясында бүгін, 11 қазанда Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Вена дипломатиялық академиясында дәріс оқыды,
деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Егемен даму кезеңіндегі Қазақстанның құқықтық жүйесін реформалау мәселелеріне назар аударған Қ.Мәми «1995 жылғы 30 тамыздағы жалпы халықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануы негізгі маңызды саяси өзгеріс, нақты азаматтық қоғамды қалыптастыру мен экономиканы түбегейлі реформалау болды», деп атап өтті.
- «Ұлттық мүдде мен әлемдік саяси дамудың үрдісі ескеріле отырып, Қазақстанда саяси құрылымның тиімді үлгісі жасалды. Мұндай жүйе қоғам мен мемлекетті басқарудың ең тиімді әдісін қамтамасыз етеді»,-деді төраға.
Қ.Мәмидің айтуынша, «біздің елімізде құқық қорғау жүйесі қалыптасты және тиімді қызмет етіп келеді. Құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттары қылмыспен күрес, азаматтар құқы мен бостандықтарын қорғау, заңдылық пен тұтастай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады».
«Адам құқығы мен бостандығы институты түрлену барысындағы қоғамдық даму жағдайына сәйкес елеулі өзгерістерге ұшырауда», екенін айта келіп Қ.Мәми біздің мемлекетіміздің халықаралық-құқықтық міндеттемелері мен құқық қолдану тәжірибесі аясында құқық жүйесін жетілдіру туралы әңгімеледі.
- «Елімізде азаматтық қоғам институттары құрылды, көппартиялық жүйе қалыптасты, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар қызмет етеді. Қоғам мен мемлекет өміріндегі кез-келген мәселелер бойынша өз пікірін айта алатын партиялар мен қозғалыстар бар»,-деді Қ.Мәми.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айта келіп, төраға Қазақстанда ТМД елдерінде бірінші болып «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заң қабылдағаны және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көш басында келе жатқанын атап өтті.
Әр уақыттың жаңа талаптарына сәйкес мемлекеттің ереже шығармашылығы мен құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өте келіп, Қ.Мәми 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының бағыттарына тоқталды.
- «Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың, нақты құқықтық мемлекетті дамытудың маңызды негізі ұлттық құқықтық жүйені одан әрі жаңғырту болып табылады», деп атап өтті төраға.
Дипломатиялық академияның тыңдаушылары қойған сауалдарға жауап берген Сенат Төрағасының дәрісі пікірсайыспен аяқталды.