Парламент Сенатының Төрағасы Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады

АСТАНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.

Парламент Сенатының Төрағасы Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарниковты қабылдады

Кездесу барысында екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

М.Бочарников Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы С.Мироновтың Қазақстанға алдағы ресми сапары туралы төрағаны хабардар етті.

Дипломаттың айтуынша, биылғы желтоқсанның 8-9-ы күндері болатын сапар барысында Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі топтың төртінші отырысын өткізу жоспарланып отыр.

«Біз алдағы сапарға зор маңыз береміз»,-деді Қ.Тоқаев. Ол Қазақстан мен Ресей Федерациясының жоғары заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін алдағы шаралардың маңызын атап өтті.