Парламенттің тиімділігі көбінесе оның өз функцияларын толық орындауына байланысты - ЕҚЫҰ Орталығының басшысы

ТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Заң шығарушы биліктің тиімділігі көбінесе оның өз функцияларын толық орындауына байланысты.

Парламенттің тиімділігі көбінесе оның өз функцияларын толық орындауына байланысты - ЕҚЫҰ Орталығының басшысы

Бүгін Сенатта «Парламентаризм - егемендіктің және Тәуелсіз Қазақстанның қарышты дамуының кепілі» тақырыбында өткен конференция барысында Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Александр Кельчевский осылай айтты.

«Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан егеменді ел ретінде қалыптаса алды деп толық сеніммен айтуға болады. Мемлекет халықаралық аренада өзінің лайықты орнына ие болып келеді. Оның ішінде былтырғы жылы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын жемісті атқарып шықты әрі бұндай тарихи факт Ұйым үшін ғана емес, тұтастай алғанда Орталық Азия өңірі мен ТМД елдері үшін де аса маңызды мәнге ие болды», - деді өз сөзінде Орталық басшысы.

Сонымен қатар, ЕҚЫҰ міндеттемелері бойынша парламентаризм ұстанымына тоқтала келе А. Кельчевский, бұндағы негізгі қағида атқарушы органның сайланған заң шығарушы орган мен электорат алдындағы жауапкершілікке саятынын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, заң шығарушы биліктің қызметінің тиімділігі оның өз функцияларын қалай орындағанымен қоса, заң жобаларын әзірлеу үдерісінің ашық қамтылуына да көбінесе тәуелді. «Бұл ретте парламенттің өкілеттігі мен тиімділігі айтарлықтай деңгейде Конституциямен өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыруына байланысты болып табылады», -деді ол.