Парсы шығанағы елдері ынтымақтастық кеңесі НАТО-мен әріптестік мәселесін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мен НАТО арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшысы Жасем Әл-Будайви мен НАТО Бас хатшысының оңтүстік көршілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Хавьер Коломина Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясында кездесу өткізді.
— Кездесу барысында бірқатар мәселе талқыланды. Әсіресе Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі Бас хатшылығы мен НАТО Бас хатшысының оңтүстік көршілік мәселелері жөніндегі арнайы өкілдігі арасындағы байланыстарды нығайту жолдарына ерекше назар аударылды, — делінген кеңестің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тараптар сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Бұған дейін Дональд Трамп НАТО Бас хатшысымен келіссөздерден кейін ЕО-ның 8 еліне салынатын баж салығын алып тастады.