Пәтер, телефон немесе көлік сапасыз жөнделсе, төленген ақшаны қалай қайтаруға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақшаңызды төлеп, бірнеше күн күттіңіз. Алайда жөндеуден кейін де құбырдан су тоқтамады, жаңа төселген ламинат бүлінді, көлік қайтадан бұзылды немесе сервистен келген смартфонда тағы ақау пайда болды. Мұндай жағдайда не істеу керек? Kazinform тілшісі сапасыз жөндеу жұмысының кемшілігін қалай дәлелдеп, орындаушыны жауапқа тартып, төленген қаражатты қайткенде қайтарып алуға болатынын түсіндіреді.

Пәтер, телефон немесе көліксапасыз жөнделсе, төленген ақшаны қалай қайтаруға болады
Фото: Kazinform/ Nano Banana

Тұрмыстық жөндеу кезінде көпшілік шебердің сөзіне сеніп, ресми құжат рәсімдеуге мән бере бермейді. Бірі таныс сантехникке жүгінсе, енді бірі таныстары ұсынған автосервиске немесе интернеттен тапқан маманға сенім артады. Жұмыс құны аса қымбат болмағандықтан, көп жағдайда тараптар келісімшарт жасаспайды.

Алайда нәтиже көңілден шықпай қалса, келісімшарттың, сметаның немесе ең құрығанда хат алмасудың болмауы қарапайым мәселені дауға айналдырып жіберуі мүмкін.

Заң бойынша қандай да бір жұмысты орындау үшін ақы алған кез келген адам немесе қызмет көрсетуші оның сапасына толық жауап береді. Оның ірі компания немесе жарнама арқылы табылған жеке шебер болуының айырмашылығы жоқ. Заң тұтынушының құқығын қорғайды. Алайда ол үшін тараптар арасында келісім болғанын, яғни жұмысты кімнің, қандай ақыға, қандай көлемде және қандай мерзімде орындауға міндеттенгенін дәлелдеу қажет.

Сонымен қатар дау туындауы үшін міндетті түрде мүлік толықтай бүлінуі шарт емес. Жөндеу жұмысының кез келген кемшілігі шағым айтуға негіз бола алады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, уәде етілген нәтижеге, келісімшарт талаптарына, міндетті талаптарға немесе орындаушы ұсынған ақпаратқа сәйкес келмейтін кез келген жағдай кемшілік болып есептеледі.

Мысалы, ағып тұрған құбырды ауыстырғаннан кейін жаңасы да су өткізіп тұрса, бұл — сапасыз жұмыс. Көлікке түпнұсқа қосалқы бөлшек орнатылады деп келісілгенімен, оның орнына арзан баламасы қойылып, бірнеше күннен кейін көліктен біртүрлі дыбыс шыға бастаса, бұл да жұмыстың талапқа сай орындалмағанын білдіреді.

Алайда мұндай жағдайда өз құқығыңызды қорғау үшін шебермен нақты келісім болғанын және оның қандай жұмысты орындауға міндеттенгенін дәлелдей алуыңыз қажет.

Шеберді жалдағаныңызды қалай дәлелдеуге болады

Мөр басылған ресми келісімшарт — ең сенімді дәлел. Алайда ондай құжат болмаса да, келісімнің болғанын растайтын басқа айғақтарды пайдалануға болады. Олардың қатарында чек, түбіртек, қабылдау-тапсыру актісі, тапсырыс-өкімдеме, кепілдік талоны, банк арқылы жасалған төлем туралы түбіртек, мессенджерлердегі хат-хабар, шебердің жарнамасының скриншоты, сондай-ақ жөндеу жұмысына дейінгі және кейінгі фотосуреттер бар.

Көлік жөндеткен кезде тапсырыс-өкімдеменің рәсімделуіне ерекше мән берген жөн. Ал телефонды сервиске өткізерде құрылғының сыртқы күйі, экраны және анықталған ақауы көрсетілген қабылдау актісін талап етіңіз. Пәтерге жөндеу жүргізілсе, смета жасатып, құбырлар, электр сымдары мен гидрооқшаулау сияқты кейін көзге көрінбейтін жасырын жұмыстарды фотоға түсіріп қойған дұрыс. Өйткені жөндеу аяқталғаннан кейін олардың сапасын бағалау қиынға соғады.

Құжаттарда міндетті түрде үш маңызды мәлімет: жұмысты кім орындағаны, оған қанша ақша төленгені және қандай нәтиже уәде етілгені көрсетілуге тиіс. Осы мәліметтердің болуы дау туындаған жағдайда өз құқығыңызды қорғап, сотта дәлел келтіруді едәуір жеңілдетеді.

Нені талап етуге құқығыңыз бар

Жұмыс сапасыз орындалса, оған көз жұма қарауға міндетті емессіз. Заң бойынша мұндай жағдайда бірнеше талап қоюға құқығыңыз бар. Біріншіден, анықталған кемшіліктерді тегін жөндеп беруді немесе көрсетілген қызметтің құнын төмендетуді талап ете аласыз. Екіншіден, жұмыстың қайта орындалуын немесе оны басқа маманға қайта жасатып, соған жұмсалған шығынды орындаушыдан өндіріп алуға құқылысыз.

Егер шебер жұмысты толықтай бүлдіріп, кемшіліктерді түзетуден бас тартса, келісімшартты бұзып, төленген қаражатты қайтаруды және келтірілген залалды өтеуді талап етуге болады.

Бұл ретте залал тек жөндеу жұмысының құнымен шектелмейді. Мәселен, сапасыз орнатылған кранның салдарынан көршілердің пәтерін су басса немесе сапасыз жөнделген көлікті эвакуатормен жеткізіп, қосымша диагностикадан өткізуге қосымша ақы төлеуге мәжбүр болсаңыз, мұндай шығындарды да орындаушыдан өтеуді талап етуге құқығыңыз бар. Ол үшін барлық чек, түбіртек, актілерді, анықтамаларды, фото және видеоматериалдарды, сондай-ақ мамандардың қорытындыларын сақтап қойған жөн.

Жұмысты үн-түнсіз қабылдап алмаңыз

Заң бойынша тапсырыс беруші орындалған жұмысты шебермен бірге қарап, қабылдауға тиіс. Қандай да бір кемшілік анықталса, оны жөндеуді немесе келтірілген залалды өтеуді талап етуге толық құқығыңыз бар. Ал бампердегі сызатты, қабырғадан ажыраған плитканы немесе су өткізіп тұрған жікті көре тұра қабылдау актісіне ешқандай ескерту енгізбей қол қойсаңыз, кейін өз уәжіңізді дәлелдеу қиынға соғуы мүмкін.

Алайда барлық ақауды бірден байқау мүмкін емес. Мәселен, көліктің қозғалтқышы бірнеше күннен кейін қызып кетуі, телефонның батареясы бір аптадан соң істен шығуы немесе құбырға қысым түскен кезде ғана су ағуы мүмкін. Мұндай жағдайда орындаушыға бұл туралы дереу жазбаша түрде хабарлаған жөн.

Заңға сәйкес, көзге көріне бермейтін кемшіліктерге қатысты талаптар орындалған жұмыс қабылданған күннен бастап бір жыл ішінде қойылады. Ал орындаушы ақауды әдейі жасырғаны дәлелденсе, талап қою мерзімі жұмыс қабылданған күннен бастап үш жылға дейін ұзартылады.

Әрекет ету алгоритмі

Мұндай жағдайға тап болған қазақстандықтардың көбі мәселені әуелі өзара келісіммен шешуге тырысады. Шеберге қайта-қайта қоңырау шалып, хабарлама жазып, дауды бейбіт жолмен реттегісі келеді. Алайда уақыт жоғалтпай, бірден заң аясында әрекет еткен жөн.

Алғашқы қадам — орындаушыға жазбаша талап қою. Үздіксіз қоңырау шалып, уақыт жоғалтқаннан гөрі, талапта жұмысты кімнің және қашан орындағанын, оған қанша қаражат төленгенін, қандай кемшілік анықталғанын және қандай талап қойып отырғаныңызды нақты көрсетіңіз. Мәселен, төленген қаражатты қайтаруды, жұмысты қайта орындауды, қызмет құнын төмендетуді немесе келтірілген шығынды өтеуді талап ете аласыз. Талапты орындаушыға қолхат арқылы жеке табыстаған немесе тапсырысты пошта арқылы, не оның алғанын растайтын өзге тәсілмен жолдаған дұрыс.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 35-бабының 4-тармағына сәйкес, шартта өзгеше көзделмесе, анықталған кемшіліктер 10 күнтізбелік күн ішінде реттелуге тиіс. Бұл мерзім сақталмаған жағдайда, орындаушы әрбір кешіктірілген күн үшін жұмыс немесе қызмет құнының 1 пайызы мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.

Егер орындаушы талаптарыңызды елемесе немесе мүлде жауап бермесе, келесі қадам — уәкілетті мемлекеттік органға шағымдану. Ол үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге болады. Шағымды eOtinish немесе eGov порталы арқылы жолдаған ыңғайлы. Оған чек, фотосуреттер, хат алмасу скриншоттары, талаптың көшірмесі және орындаушының жауабы (бар болса) қоса тіркелуі қажет.

Ақшаны қайтару немесе келтірілген залалды өндіріп алу мүмкін болмаса, соңғы шара ретінде сотқа жүгінуге тура келеді. Айта кетерлігі, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты талап-арыздар бойынша азаматтар сот шешімі шыққанға дейін мемлекеттік бажды төлеуден босатылады. Кейін бұл шығындар істе жеңілген тараптан өндіріледі. Сондықтан өзіңіздің құқығыңыздың бұзылғанына сенімді болсаңыз, сотқа жүгінуден қорқудың қажеті жоқ.

Әрине, көп жағдайда мұндай дауды өз күшіңізбен шешуге болады. Алайда кейбір жағдайларда құқық қорғау органдарының араласуы қажет. Мәселен, шебер алдын ала төлем алып, ізін суытса, жөндеуге алған техникаңызды қайтармай, байланысқа шықпай қойса немесе өзін бөтен адамның атымен таныстырса, мұндай әрекеттер алаяқтық белгісі болуы мүмкін.

Жөндеу жұмысы басталғанға дейінгі чек-парақ

· Қолхатсыз, келісімшартсыз немесе нақты хат алмасусыз қомақты көлемде алдын ала төлем жасамаңыз.

· Алдыңыздағы адамның кім екенін: жеке кәсіпкер ме, ЖШС ме, ресми сервис пе, әлде жеке шебер ме — нақтылап алыңыз. Кейін талап-арызды кімге жолдайтыныңыз осыған байланысты болады.

· Телефонды немесе көлікті жөндеуге тапсырғанда оның жай-күйі, сыртқы зақымдары, жинақталуы және анықталған ақауы көрсетілген қабылдау актісін талап етіңіз.

· Үй жөндеткенде барлық шығынды құжатпен рәсімдеп, жұмыстың әр кезеңін суретке түсіріп отырыңыз.

· Қандай материалдар мен қосалқы бөлшектер қолданылатынын алдын ала нақтылаңыз: түпнұсқа ма, балама ма, жаңа ма, әлде бұрын пайдаланылған ба, оларды кім сатып алатынын және сапасына кім жауап беретінін келісіп алған жөн.

· Жұмыстың құны мен орындалу мерзімін де алдын ала келісіңіз. «Жұмыс барысында көре жатармыз» деген ұстаным көбіне жөндеу құнының негізсіз қымбаттап кетуіне әкеледі.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында сатушы тұтынушының сапасыз автокөлікті қайтару туралы талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлағанбыз.