Пәтер жалға беремін деп ондаған адамнан ақша алған ақтөбелік сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сотталушы жарнама сайты арқылы хабарландыру беріп, алдын ала төлем қабылдап отырған. Ол сотта тағылған айыпты мойындады. 

Пәтер жалға беремін деп ондаған адамнан ақша алған ақтөбелік сотталды
Фото: Kazinform/ЖИ

Ақтөбе қаласының № 2 сотында Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша іс қаралды. Сотталушы өзінің пәтері, үйі болмаса да хабарландыру беріп, адамдарды оңай алдап отырған.

— «Krisha.kz» қосымшасы арқылы пәтерді жалға беремін деген мағынада жарнама қалдырған. Жәбірленушілерден ақша алып, өз қажетіне жұмсаған. 29 жәбірленушіге 1 136 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен «Рақымшылық жасау туралы» Заңы қолданылып, жаза мерзімі 2 жыл 3 ай қысқартылды, — деп хабарлады Ақтөбе қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада азаматтардың дербес деректері мен банк қаражатын иемденуге бағытталған ауқымды фишингтік схема әшкереленді. Қылмыстық топ төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне шамамен 150 мың жалған SMS-хабарлама жіберген