Павлодар-Астана автобанында уақытша жабылған көпір апаттық жағдайда тұр ма

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» компаниясының өңірлік филиалы Қалқаман кенті маңындағы көпірге айтарлықтай зақым келгенін растады. Әзірше бұл учаскедегі жол бөлігі жабық болады.

Павлодар-Астана автобанында уақытша жабылған көпір апаттық жағдайда тұр ма
Фото: «ҚазАвтоЖол» Павлодар облыстық филиалы

Аталған көпірге 21 қараша күні экскаваторды сүйретіп келе жатқан SHACMAN жүк көлігі зақым келтірген. 

Павлодар-Астана автобанында уақытша жабылған көпір апаттық жағдайда тұр ма
Фото: «ҚазАвтоЖол» Павлодар облыстық филиалы

— Жүк көлігі экскаваторды сүйреп, қорабына оның шөмішін көтеріп алған. Техникалық құралдар көпірден өту биіктігін (5,5 метр) сақтамай, салдарынан экскаватор шөміші көпірдің төменгі бөлігіне соқтығысқан. Құрылыс нысанының темірбетон арқалықтарын тексеру нәтижесінде құрама-монолитті құрылымының екі ортаңғы арқалықтары зақымданғаны анықталды. Әсіресе шеткі арқалық көбірек зиян шеккен, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалынан.

Павлодар-Астана автобанында уақытша жабылған көпір апаттық жағдайда тұр ма
Фото: «ҚазАвтоЖол» Павлодар облыстық филиалы

Мамандар төменгі жақтағы бетон қабырғасының сөгілгенін, темір арматуралардың үзілгенін, кейбірінің майысып кеткенін анықтаған. Бұған қоса арқалықта көптеген жарықтар пайда болған. Осыған орай бірінші арқалықтың жай-күйін «апатқа дейінгі» деп жіктеуге болады. Ал екінші арқалықтағы жарықтар көпірдің жұмысын уақытша шектеуге негіз болған.

— Тексеру кезінде арқалықтың құлау қаупі немесе бүкіл көпірдің опырылып түсу қаупі анықталған жоқ. Көпір толықтай зерттеліп жатыр. Техникалық қараудан толық өтіп, сарапшылар қорытындысы берілгенше көпірдегі қозғалыс шектеледі. ДЭУ-61 қызметкерлері жылдамдықты шектеу бойынша қажетті жол белгілерін қойды, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып жатыр, - деп қосты компаниядан.

Павлодар-Астана автобанында уақытша жабылған көпір апаттық жағдайда тұр ма
Фото: «ҚазАвтоЖол» Павлодар облыстық филиалы

Мамандар аталған жолмен жүретін жүргізушілер Астана бағытында Береке ауылына бұрылып, одан әрі үлкен жолға (айналма жол 6 км) түсуі керектігін ескертеді. Ал кері бағытта сапарға шықсаңыз, Баянауыл автожолына бұрылып, одан әрі Қалқаман кенті арқылы өтесіз.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында көлік айрығындағы көпірдің шеткі арқалықтарының зақымдалуына байланысты жол қозғалысына шектеу қойылды. 

Соңғы жаңалықтар