Павлодар облысы әкімінің әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласының соты Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың әпкесін мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарды. Сондай-ақ оны 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Павлодар облысы әкімінің әпкесі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланды
Фото: СҚО ПД

Әкімнің 53 жасар әпкесіне қатысты әкімшілік іс Екібастұз қалалық сотында қаралған. 
Қаулыда айтылғандай, екі патрульдік полицей Петренко көшесінде А.Байханова тізгіндеген Hyundai Tucson автокөлігін тоқтатқан. Автокөлік салонында ол жалғыз болған. Жүргізушіден алкогольдің иісі шыққанын аңғарған тәртіп сақшылары оны медициналық куәландыруға жіберуге шешім қабылдады. Дәрігерлер мас болудың жеңіл дәрежесін анықтайды. Сәйкесінше полицейлер көлікті мас күйінде жүргізу дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырады.

— Бірақ ол сәттер бейнежазбаға түсірілмегені анықталды. Ал А.Байханова сотта көлік салонындағы бейнетіркегіші үнемі қуат көзінде тұратынын, тоқтаған сәтте ол қуат көзінен ажырап, түсірмей қалғанын жеткізген. Бұл уақытта полицейлердің бейнежетондары да техникалық ақауға байланысты жұмыс істемей тұрған, - деп жазылған сот қаулысында.

А.Байханова сотта өзінің сол сәтте мас болғанын мойындаған, бірақ көлік рулінде отырмағанына сендіргісі келген. Айтуынша, ол Hyundai Tucson көлігінің алғы жағында жолаушы орындығында жылынып отырған.

— Полиция қызметкерлері оған келген сәтте ол көліктің салонында отырғанын, мас күйінде болғанын растады. Оның мас күйінде болу дерегі дау тудырмайды. Автокөлікті басқармағанын, қозғалтқышты іске қоспағанын мәлімдейді, — делінген сот қаулысында.

Сот көлік жүргізушінің кінәсі дәлелденді деп қорытындылай келе, оны 15 тәулікке қамауға алу және көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айыру жазасын тағайындады.

Бұл жайтқа қатысты өңір басшысы Асайын Байханов өз пікірін білдірді.

— Менің үлкен әпкемнің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты мынаны айта аламын: барлық азаматтар заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері сияқты, бұл қағидаттан тыс емес, — деп жазды аймақ басшысы threads желісіндегі жеке парақшасында.

Еске сала кетейік, БҚО-да есірткіге мас күйінде рульге отырған жүргізуші сотталды

Соңғы жаңалықтар