Павлодар облысында 150 мың гектардан астам жерді қайта бөлу көзделіп отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өңірдегі барлық ауданда жайылымдық жер тапшы. Қазіргі уақытта жер учаскелеріне конкурс жарияланған. 

жер
Фото: АШМ

Өңірде ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылып отыр. 2022-2025 жылдарға арналған қайтарылған жерлерді қайта бөлу жоспары — 940,6 мың гектар.

Оның ішінде 695,1 мың гектар жер қайта айналымға енгізілген.

— Биыл 1 шілдеге дейін тағы 158,5 мың гектар жерді қайта бөлу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта өңірде жалпы аумағы 150 мың гектар жер учаскелеріне конкурстар жарияланды. 15 маусымға дейін Екібастұз, Ақсу қалаларында, сондай-ақ Железин және Успен аудандарында 61,7 мың гектар жерді бөлу бойынша конкурстар өтеді. Ал 15-29 маусым аралығында Ақсу, Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар және Успен аудандарында 88,1 мың гектар жер учаскелерін бөлу жөніндегі конкурстар өтуі керек, — деп мәлімдеді облыс әкімдігінен.

Баянауыл және Успен аудандарында тұрғындардың қажеттілігі үшін 2 мың гектар жер резервке қойылды. Екібастұз қаласы мен Шарбақты ауданында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға 5,2 мың гектар жер бөлінді. Сонымен қатар Ақсу мен Екібастұзда тұрғындардың қажеттілігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар үшін тағы 1,5 мың гектардан жер резервке қою жоспарланып отыр.

— Барлық ауданда жайылымдық жер тапшылығы бар. Қала және аудан әкімдеріне жер қатынастары басқармасымен бірлесіп, 15 маусымға дейін қайтарылған жерлерді тұрғындар мен ауыл шаруашылығы қажеттілігіне беруді толық аяқтауды тапсырылды. Конкурстар өткізу кезінде заңнама талаптары қатаң сақталуы қажет. Жерлерді қайта айналымға енгізу жұмысы тұрақты бақылауда болуы тиіс, — деп атап өтті өңірлік әкімдіктен.

Еске сала кетейік, Алматы облысында 10 мың гектар жайылым жер егістік алқабына айналып жатыр