Павлодар облысында 30 мыңнан аса киік бар

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Аңшылық шаруашылықтардың мәліметтері бойынша өңірдегі барлық жабайы жануардың жалпы саны 833 мыңнан асады. 

Павлодар облысында 30 мыңнан аса киік бар
Фото: Сәкен Ділдахмет

Ертіс-Баян өңірінде ақбөкендердің маусымдық көші-қоны байқалып отыр.

— Облыста жалпы аумағы 9 млн гектардан астам алқапта 36 аңшылық шаруашылығы бар. Бұл жерлерде сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар тұяқты жабайы жануар — киіктердің маусымдық көшіп-қонуы байқалады. Киіктердің саны шамамен 30 мыңнан асады және олар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Жануарлар Баянауыл ауданының Қарағанды облысымен шекаралас жерлерін және Май ауданын мекендейді. Киікті атуға рұқсат жоқ. Қазіргі уақытта тек сібір елігі, қабан, байбақ суыры, ақ қоян, сұр қоян, түлкі, қарсақ, борсық, үйректер мен қаздардың барлық түріне, сұр кекілік, қасқалдақ, бөдене, құмсалғыш, көгершін, қарақұйрықтарға аңшылық жасауға болады, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Диас Қабдолла.

Павлодар облысында сирек кездесетін және жоғалып кету қаупі бар жануарлардың 16 түрі мекендейді. Олар — тау арқары, орман сусары, қара дегелек, ақ бас тырна, тазтырна, безгелдек, қарабас өгіз шағала, сұңқылдақ аққу, балықшы тұйғын, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, ақиық субүркіт, ақ құйрықты субүркіт, ителгі, үкі, сусары. Бұларды жалпы саны 2200-ден асады. Оның шамамен 771-і — арқарлар.

Еске сала кетейік, Баянауыл ұлттық паркінде бұлан көбейе түскен

Ертіс бойы орман шаруашылықтарының өртке қарсы әлеуеті әлсіз.

Соңғы жаңалықтар