Баянауыл ұлттық паркінде бұлан көбейе түскен

Баянауыл ұлттық паркі
Фото: Видеодан алынған скрин

Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде бұлан саны 80-ге жуықтап қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Ұлттық парк аумағында қамысты, қоғалы жерлердің көп болуы тұяқты жануардың аумақта тұрақтап қалуына себеп болып отыр.

Бұлан негізі бұғы тектес сүтқоректі жануар болғанымен, тұрқы жағынан түйеге жақын, тұяғы айыр келеді. Қазақстанды мекендейтін сүтқоректілердің ішіндегі ең ірісі. Аналығы көп жерлерде қандағай деп аталады. Қандағайдың ең ірілерінің биіктігі 2,4 метрге, тұмсығынан құйрығына дейінгі тұрқы 3 метрге, салмағы 620 килограмға дейін жетеді.

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі күні Қазақстанда 7 мыңға жуық бұлан бар. Саны кейінгі жылдары үш есеге өсіп, Арқа жеріндегі ну орманды, таулы аймақтарда көбейе бастағаны байқалады дейді табиғат қорғау инспекторлары. Халықаралық Қызыл кітапқа енгенімен, жер бетіндегі нақты саны белгісіз. 

- 1985 жылдан бері Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында жиі байқалып отыр. Кезінде Ресейдің қалың ормандарында, Алтай тауларында болған өрттен ауып, Қазақстанды мекендей бастаған жануар көбіне Баянауыл, Қарқаралы тауларынан өріс тапқан. Бұл жануардың бір ерекшелігі, ағзасында жылқы секілді өт болмайды. Ащылауыт, қамысты, қоғалы жерлерге жайылғанды, теректің қабығымен, таудағы аршамен қоректенгенді ұнатады. Біздің Баянауыл аумағында топырағы сортаң, ащы жерлер көп. Соларды жиі жағалайтыны байқалады. Ерекшелігі, үйірді аса ұнатпайды, екеуден, үшеу-төртеуден жүре береді. Аталығының аспанға қарай тарамдалып тұратын жуан әрі жалпақ мүйізі бар. Сырттай қарағанда жуас көрінгенімен, күзгі күйекке түсетін мезгілде оларға жақындау қауіпті. Ондай уақытта адамға шабуылдаған оқиғаларды жиі естиміз. Жануардың күштілігі сонша, қасқырға алдырмайды. Тайыншадай арланды мүйізімен іліп, жарып кетеді. Баянауылдың Күркелі, Жаяу Мұса, Қаражар ауылдары маңындағы биік тауларда, Жалаңтөс асуы мен Мырзашоқыда, Қоңыр әулие үңгірі маңында жиі ұшырасады, - дейді Баянауыл ұлттық табиғи паркінің инспекторы, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, қазіргі күні Баянауылмен қоса, бұландар Шарбақты ауданындағы жалқарағай ормандарында да бар. Бұл аумақта шамамен 170 бұлан саналды. 

Соңғы жаңалықтар