Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті
Күдіктілер Май ауданында ұсталды. Олардың автокөлігін тексеру барысында қылмысқа қатысты заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.
Арнайы операция нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі адам анықталды. Шығын көлемі 1 млн теңгеден асады.
— Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайынов.
Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында алты айда мал ұрлығының 48 дерегі тіркелгенін хабарлаған едік.