Павлодар облысында рұқсат етілмеген жерге қоқыс тасталғаны үшін 12 әкім жазаланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Экологтердің айтуынша, мониторинг барысында өңірде 250-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталған.
Павлодар облысының Экология департаменті мониторинг «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопорталының деректерін пайдалана отырып, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар ұсынатын ақпарат негізінде жүргізілетінін мәлімдеді.
Нәтижесінде 248 стихиялық полигон анықталды. Бүгінгі таңда сарапшылар барлық қалдық алынып тасталғанын атап өтті. Бірақ қоқыс қайта пайда болуы мүмкін.
- Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін дербес жауапкершілікті күшейту мақсатында 2025 жылы ауылдық округтердің 12 әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 350 мың теңгеден асты, - деп хабарлады Павлодар облысының Экология департаменті.
Жүйелі бақылау үшін тұрақты рейд жүргізіліп, анықталған фактілер туралы ақпарат халыққа ашық болуы үшін әлеуметтік желілерде жарияланады. Әкімдіктермен және полиция органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Айта кетейік, әлемнің көптеген елінде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта пайдаға жарату үйреншікті үрдіс. Кей мемлекеттер тіпті бұл саланы пайда көзіне айналдырған.
Ал Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, Қазақстанда тұрмыстық қоқыстың 25%-ы қайта өңделеді.