Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы химиялық өңделетін аумақ көлемі ұлғаяды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңдеу жұмыстары үшін 157 тонна «Бактицид» және 11,5 мың литр химиялық препараттар сатып алынбақ. Қалалық жерлерден бөлек, 4 ауданда барьерлік өңдеу жүргізіледі.

Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша, биыл көктем мен жазда өңірде жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп.
«Мұның ішінде 30 мың гектары Павлодар ауданы бойынша өңделеді. Себебі шыбын-шіркейдің көп бөлігі Ертіс өзенінің аталған аудандағы жайылмаларынан қанаттануы мүмкін деген болжам бар. Әуеден препараттар шашу үшін 8 АН-2 ұшағы жұмылдырылса, олардың тең жартысы Ертіс, Ақтоғай, Железин және Тереңкөл аудандарындағы аумақтарға бағытталады. Ал жергілікті мердігер қалалық жерлердегі саябақтар мен скверлерді өңдесе, облыстық деңгейдегі мердігер Ертіс өзені бойында орналасқан 59 елді мекенде барьерлік өңдеу шараларын жүргізеді. Бұл бір мердігердің жауапкершілігін екінші компанияға аудару жайттарының алдын алады. Сондай-ақ биыл аспалы бүріккіштермен қоса, 80 метрге дейінгі радиусиы қамтитын өнеркәсіптік түтіндеткіш генераторлар да қолданылады», - деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Былтырғы өңдеу жұмыстарының тиімділігі – 90 пайыз. Алдағы үш жылда өңдеу жұмыстары үшін «ВикЛТД» ЖШС жауап берсе, «Биосфера» компаниясына ғылыми сүйемелдеу сеніп тапсырылды.
Сонымен қатар биылдан бастап Ертіс өзенінің негізгі арнасының 1800 шақырымы үш қайтара өңделмек. Қосымша Белая, Подстепка, Теплая, Түлкі, Таллинка, Каратунь, Орловка сағаларына препарат шашылады.