Павлодар облысында вейптен түскен ақшаға алынған 12 млн теңгелік көлік тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында вейпті заңсыз сатуға қатысы бар күдіктінің қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған көлігі сот шешімімен тәркіленді.
Прокуратураның өтінішхаты бойынша сот құны 12,3 млн теңге болатын KIA автокөлігін сотқа дейін тәркілеу туралы шешім қабылдады.
2025 жылы өңірде электрондық тұтыну жүйелерін заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылған. Қазір топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Айыпталушылардың бірі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған. Оған халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу барысында оның заңсыз жолмен тапқан қаражатына KIA автокөлігін сатып алғаны анықталған. Прокурордың өтінішхаты бойынша сот көлікті тәркіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Еске салайық, мұның алдында Қарағандыда жарты млрд теңгеден асатын вейп өнімдерінің ірі партиясы жойылғанын хабарлаған едік.