Павлодар облысында жергілікті серіктестіктің жұмысшылары жоғалып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында 112 пультіне ЖШС-нің бірінің қызметкерлері жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Олар 28 наурыз күні сағат 15:00 шамасында Ақшиман ауылдық округінің дала аймағына шығып, содан кейін байланысқа шықпаған.

Павлодар облысында жоғалып кеткен жұмысшылар табылды
Фото: ҚР ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін өңірлік ТЖД қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлескен іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалғандар «Ақшоқы» ауданынан табылды.

Ер адамдарға медициналық көмек қажет болмады. 

Анықталғандай, көлік батпаққа батып қалып, қою тұман салдарынан адамдар бағдардан жаңылысқан. Таңға жуық олардың екеуі электр желілерінің бағытымен жүріп, Малайсары–Ақшиман жолына шығып, оқиға туралы хабар берген. Қалған екі адам көлікте болған.

Осыған дейін Астанада жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірімнің Шымкенттен табылғаны туралы жаздық.