Павлодар облысының әкімі өңір экономикасын әртараптандыруға қатысты пікір айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мемлекет басшысы өңір экономикасын әртараптандыру бойынша нақты міндет жүктегенін айтты. Сөзінше, бұл бағыттағы жоспар жақсы деңгейде орындалып келеді.

Асайын Байханов
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Осыған дейін Павлодар өңірі индустриалды өңір ретінде саналса, қазір аграрлық-индустриалды деп айтуға болады. Себебі әрбір үшінші келі картоп пен сәбіз біздің облыста өндіріледі. Сонымен қатар, майлы дақылдардың біраз алқабы бар. Қазір сүт өндіру салысын дамытуда көшбасшы өңірлердің біріміз, — деді А. Байханов Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында.

Асайын Байханов
Фото: Дияр Бексұлтанов

Оның айтуынша, Екібастұзда теміржол және металлургия кластерін нығайтуға ерекше екпін қойылды. 

— Әртараптандыру бойынша ең басты бағыт — қайта өңдеу саласын дамыту. Шикізатты шығарғанымызбен, кейінгі жылдары қайта өңдеуге — металлургияда жабдықтар мен құралдарды дайындауға, мұнай-химияда өнімдерді жасауға назар аудардық. Бұдан бөлек, картоптың 33 пайызы Павлодар облысында өседі. Картоп бойынша мол өнім алып жатқанымызды ескерсек, оны қайта өңдеу жобаларына екпін қойдық. Сондықтан чипсы өндіруге қатысты инвестициялық жобаны іске асырып жатырмыз, — деді өңір әкімі.

Асайын Байханов
Фото: Дияр Бексұлтанов

Еске салсақ, биыл Қазақстанда 3 млн тоннаға жуық картоп жиналды. Тұтынудың медициналық нормасына сәйкес, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету үшін 2 млн тонна картоп қажет. 

Соңғы жаңалықтар