Павлодар облысында азық-түліктің алты түрі қымбаттаған

Бұл туралы аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жедел штаб отырысы барысында азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын, сондай-ақ шетелдік валюта бағамын бақылайтын жұмыс топтары басшыларының қатысуымен өткен жиында белгілі болды. Облыс әкімінің орынбасары, азық-түлік тауарларының бағасын бақылаушы топтың басшысы Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, аймақтағы қалалар мен аудандарда облыстың тұтынушылық нарығындағы бағалық ахуалды бақылайтын жұмыс топтары, сондай-ақ сенім телефондары жұмыс істейді. Сонымен қатар, көтерме саудамен айналысатын ірі кәсіпорын басшыларымен азық-түлік бағаларын тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша келісілген іс-қимылдар жасасу жөнінде кездесулер өткізілді. - Өңірде алты түрлі азық-түліктің бағасы өсті. Бүгінгі жағдай бойынша қанттың бағасы 10,4%-ға (163 теңгеден 180 теңгеге дейін), тауықтың сан еті - 7,1%-ға (420 теңгеден 450 теңгеге дейін), тауық жұмыртқасы - 4,5%-ға (110 теңгеден 115 теңгеге дейін), күріш - 3,7%-ға (190 теңгеден 197 теңгеге дейін), өсімдік майы (күнбағыс) -2,0%-ға (250 теңгеден 255 теңгеге дейін), 1-сұрыпты ұн - 1,5%-ға (67 теңгеден 68 теңгеге дейін) өсті. Осыған байланысты, қант, күріш және өсімдік майы жөніндегі бағалық ахуалды тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорынан азық-түлік сатыла бастады. Басқа азық-түлік бағасының өсуі тіркелген жоқ, - дейді Н. Әшімбетов. Облыс әкімінің орынбасары Н. Әшімбетов атап өткендей, бақылауда тұрған әлеуметтік маңызы бар 33 түрлі азық-түліктің басым бөлігі аймағымызда шығарылады, сондықтан жергілікті өндірушілермен өндіріс көлемін арттыру жөнінде келіссөздер жүргізілді. - Облыс аудандарындағы тұтынушылық нарықтағы азық-түлік бағаларын, сондай-ақ ақылы қызметтер бағасын бақылау қорытындысы бойынша тұрмыстық техника (6-15%), жуғыш құралдар (15-20%), көлік қызметі (9,9%), шаштараз қызметі (0,6%), қоғамдық тамақтандыру (1,2%) бағаларының өсуі тіркелді, - дейді азық-түлік емес тауарлардың бағасын бақылаушы жұмыс топтың басшысы Николай Дычко. Жанармайға келетін болсақ, АИ-92 және АИ-80 маркалы бензиннің бағасы өзгерген жоқ. Алайда Май және Ертіс аудандарында жанармайдың жалған тапшылығы орын алған. Аймақ басшысы Қ. Бозымбаев Н. Дычкоға жанармай тапшылығы мәселесінің шешімін табуды тапсырды.