Павлодар ормандарына өрт қаупі төніп тұр – Владимир Беккер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның 4 облысында жоғары класты өрт қаупі туындаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, шілденің шіліңгір ыстығы орман алқаптарында өрт қаупін күшейтіп отыр.

«Соңғы аптап ыстықтарға байланысты еліміздің 4 облысында жоғары класты өрт қаупі туындап тұр. Атап айтсақ, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай обыстарында өрт қаупінің жоғары класы тіркелді. Ал Павлодар облысында орман алқаптарына өрт қаупінің бесінші кезеңі анықталды. Оны өрт қаупінің «төтенше класы» деп те айтады. Кеше ғана аталмыш өңірде 2 орман өрті тіркелді. Мұнда негізінен қылқан жапырақты орман шоғырланған», - деді комитет төрағасы.

Владимир Беккердің айтуынша, жыл басынан бері ел аумағында 296 орман өрті, 12 дала өрті тіркелген. Салдарынан жалпы аумағы 38 мың гектар алқап отқа оранған.

«Түркістан және Жамбыл облыстарында 9 дала өрті егіс алқаптарын шарпыды. Барлық егіс алқаптарының иесін осындай тосын оқиғаның алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауға шақырамыз. Тым болмағанда егіс алқабының сыртынан 4 метр ендікте жер жыртылған болуы тиіс. Осындай сақтық шаралары сақталмауы салдарынан 492 гектар егін күлге айналды», - деді ол.

Владимир Беккер аптап ыстықта орманға ауа температурасымен қоса жаңбырсыз найзағайдың көп қауіп төндіретінін айтады.

«Былтырғы кезеңмен салыстырғанда орман өрті 67 пайызға көп. Бұған биыл көктемнің былтырғыдан екі апта бұрын шыққаны да себеп болып тұр. Соңғы аптада 20-ға жуық орман өрті сөндірілді. Негізгі себеп – найзағай. Мұны бізде «құрғақ найзағай» деп атайды. Менің өз тәжірибемде осындай жаңбырсыз найзағайдың салдарынан бір орман шаруашылығында 21 өрт тіркелген кез болды. 2002 жылы Шығыс Қазақстанда жұмыс істеп жүргенде болған оқиға бұл. Ал биыл Павлодар облысында бір уақытта бір алқапта 3 жерден өрт шықты. Абырой болғанда, дер кезінде өшірілді. Өрт аумағы бір гектарға да жетпеді», - деді комитет төрағасы.

Еске салсақ, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер арнайы брифингте өткен сенбі мен жексенбіде 22 адамның суған кеткенін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар