Павлодарда 34 млн теңгеге жөнделіп, қайтадан суға батып кеткен көпір әлі күнге пайдаланылмай тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақсуға қарасты төрт ауылдың халқын шабындық жермен байланыстыратын понтон көпір биыл көктемде қирап, жергілікті билік нысан 25 шілдеге дейін қайтадан жөнделеді деп уәде еткен болатын.
Әлеуметтік желіде Көктас ауылы маңында бүлінген понтон көпірдің әлі күнге жөнделмей, суда жатқаны туралы бейнежазба тарады. Ұзындығы 66 метр, ені 7 метр понтон көпірі 2006 жылдан бері пайдаланылып келеді.
34 млн теңгеге жөнделген понтон көпір биыл көктемде тағы да суға батып кеткенін жазғанбыз.
Белгілі болғандай, көпірді пайдалану барысында бірқатар техникалық ақау анықталған. Атап айтқанда, дәнекерленген тігістердің ажырауы және понтон конструкцияларының тозуы байқалған. Кейін көктемгі мезгілде өзеннің тасуы салдарынан көпір суға батып, жарамсыз болып қалған.
Сол уақытта Ақсу қаласының әкімдігі мердігер фирма «СтройЭталон» ЖШС көпірді қалпына келтіру жұмыстарын биылғы 25 шілдеге дейін жүргізеді деп уәде еткен болатын.
Алайда іс жүзінде ауыл халқын Белая өзенінің арғы жағына өткізетін понтон қираған күйінде әлі күнге теңкиіп жатыр. Ал шабындық мезгілі келіп қалған.
Ақсу қаласының әкімдігі понтон көпірдің уәделі мерзімде не себепті жөнделмей қалғанын былай түсіндірді:
- Қазіргі уақытта Ақсу қаласының әкімдігі мүдделі тараптармен бірлесіп, Абай облысында орналасқан понтон көпір өткелін сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Құрылымның габариттік өлшемдерінің үлкен болуына байланысты оны автомобиль көлігімен тасымалдау техникалық тұрғыдан мүмкін емес. Осыған байланысты понтон көпір өткелін Ертіс өзені арқылы сүйреткіш кеменің көмегімен жеткізу ең оңтайлы тәсіл ретінде қарастырылуда, - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Шенеуніктер понтонды Көктас ауылына дейін сүйретіп жеткізуге байланысты ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер қосымша пысықталып жатқанын айтады.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталып, түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін бұл туралы ақпарат белгіленген тәртіппен жұртшылыққа жеткізілетін болады.
Көктас ауылындағы аталған понтон көпір 2024 жылы да өзенге батып кеткен болатын.