Павлодарда 5 шекара бекеті жаңартылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Жаңғырту жұмыстарынан кейін бекеттердің өткізу мүмкіндігі екі-үш есеге артады деп күтіліп отыр. Бұл шекарадағы кезекті азайтып, кедендік тексеруден өтуді жылдамдатады.

шекара
Фото: freepik

Павлодарда Ресеймен шекарадағы өткізу бекеттерін жаңарту жұмысы басталды. Мысалы, «Қосақ» пунктінде тексеру аймақтары салынып, цифрлық жүйе енгізіледі.

– Жаңғырту жұмысынан кейін өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігін үш есеге арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда бекет тәулігіне 1000 адам мен 300-ге дейін автокөлік өткізе алады. Ал реконструкция мен жаңғырту аяқталған соң бұл көрсеткіш тәулігіне 3 мың адам мен 1000 автокөлікке дейін өседі, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.

«Қосақ» өткізу бекетінің құрылысына республикалық бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Еске сала кетейік, биыл шекара бекеттерінен өткен көлік саны 17%-ға көбейген.