Павлодарда адамдар жаппай уланған мейрамхана рұқсатсыз жұмыс істеген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, мейрамхананың қызметіне тыйым салынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаппай уланудан кейін мейрамханаға барғанын хабарлады. 8 маусым күні сағат 4-те мейрамхана қызметін тоқтату туралы қаулы шықты.
— Алдын ала мәлімет бойынша, мейрамхананың санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестік сертификаты жоқ, мейрамхана рұқсатсыз жұмыс істеген. Осыған байланысты Bellagio мейрамханасының қоғамдық тамақтану нысанының қызметіне тыйым салу туралы қаулы шығарылды. Қаулы 8 маусымда шығарылды және мейрамхана санитарлық-эпидемиологиялық сертификат алғанға дейін күшінде болады, — деді Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова.
Тергеу басталды. Қазіргі уақытта зертханалық тексеріс үшін судың, азық-түліктің, құрал-жабдықтардың үлгілері және инвентарлық жағындылар алынды. Сондай-ақ қызметкерлер дизентерия, сальмонеллез және стафилококқа тексерілді. Жеті қызметкер жұмыстан шеттетілді.
Ал жұқпалы аурулар ауруханасы бүгін тағы үш адамның ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.
— Бізге 8 маусымда сол мейрамханадағы тойда болған тағы үш адам хабарласты. Науқастардың симптомдары ұқсас, құсу, дене қызуының көтерілуі, іш ауруы. Олар да ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа ауыр, — дейді Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының жалпы инфекция бөлімінің меңгерушісі Қымбат Қарамолдина.
Бұған дейін Павлодарда қыз ұзату тойынан кейін 33 адам уланғанын хабарлаған едік.