Павлодарда Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ сақталып тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әншінің дауысы жазылған күйтабақ — музей қорындағы сирек әрі құнды жәдігердің бірі. 2002 жылы «Музей қорына» акциясы бойынша қабылданыпты.

Павлодарда Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ сақталып тұр
Фото: Бұқар жырау музейі

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде дара дарынымен дала сахнасынан өнер көгіне самғаған Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ сақтаулы тұр. Сыртында М. Т. Ташмухамедов атындағы Ташкент заводында шығарылғаны көрсетілген.

Күйтабақтағы Әміре Қашаубаевтың дауысы 1925-1927 жылдары жазылған. Қаптамасының екінші жағында өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрімовтің мынандай түсінігі берілген: «Әміре Қашаубаевтың асқан әншілік өнері Еуропа жұртшылығына кеңінен мәлім».

Павлодарда Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ сақталып тұр
Фото: Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі

— Әнші 1925 жылы Франция еліне барып, асқақ дауысымен паң Парижді бағындырған, ал арада екі жыл өткен соң Майндағы Франкфурт қаласы тұрғындарын сүйсінтеді. Әміренің дауысы сол тұста жазылып алынған екен. Бірақ ол кейін із-түзсіз кетіп, біраз жылдар өткен соң барып табылады. Өткен жылы Орталық архивтің дыбыс жазу қорынан фонограф валигіне жазылған Әміренің орындауындағы «Балқадиша», «Жалғыз арша», «Бес қарагер», «Дудар-ай», «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Смет» әндері табылып, арада елу жыл өткен соң Әміре дауысын қайта тындауға мүмкіндік алған едік, — дейді Бұқар жырау музейінің бөлім басшысы Абзал Рымбек.

Күйтабақта сондай-ақ Әміренің замандастары Сапарғали Бегалиннің, Қазақ КСР Халық артистері Серке Қожамқұловтың, Жүсіпбек Елебековтің естелік лебіздері бар. Академик Әлкей Марғұланның Семейдің губерниялық «Қазақ тілі» газетінде жарық көрген Әміренің Париж сапары туралы мақаласынан үзінді келтірілген.

Жалпы Әміре Қашаубаевтың Ертіс бойының өнер тарландарымен байланысы туралы көптеген мәлімет жазылып та, айтылып та келеді. Театр өнерін Жүсіпбек Аймауытовтан үйренсе, дауылпаз ақын Иса Байзақовпен жан аямас дос болған.

Атап өтерлігі, Әміренің қызы Күләш Қашаубаева да әкесінің жолын қуып, есімі дүйім елге мәлім әнші болған. Бұқар жырау музейінде әншінің үкісі мен көйлегі сақталып тұр.

Еске сала кетейік, Павлодарда Жанбике Шанинаның портреті сақталған.