Павлодарда ашылған «Келешек мектебін» ұстап тұруға қанша қаражат бөлінді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта №48 мектепте жалпы саны 1045 бала білім алып жатыр. Мектеп толықтай қазақ тілінде білім береді.
Биыл күзде Павлодарда ашылған алғашқы «Келешек мектебін» ұстап тұру шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Мектеп қаланың ең қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі - Достық шағынауданында орналасқан. Бұл ауданда оқушы орынының тапшылығы байқалып келген. Жаңа білім ұясының ашылуы жақын маңдағы білім ордаларының жүктемесін азайтып, 1200 оқушыны заманауи және жайлы оқу жағдайымен қамтамасыз етеді деп күтілген.
Белгілі болғандай, қазір мұнда 1045 оқушы оқиды.
- Жаңа мектепті ұстау шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы №597 бұйрығымен бекітілген жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, 1 баланы жылына ұстау шығыны - 436,6 мың теңге, - деп хабарлады өңірлік білім беру басқармасынан.
Білім ұясында бүгінде 81 ұстаз жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 232 жаңа мектеп салынып жатыр.