Келешек мектебінде оқитын әр балаға қанша қаржы жұмсалады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта № 48 мектепте жалпы саны 1045 бала білім алып жатыр. Мектеп толықтай қазақ тілінде білім береді.

пр
Фото: Валерий Бугаев

Биыл күзде Павлодарда ашылған алғашқы «Келешек мектебін» ұстап тұру шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Мектеп қаланың ең қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі — Достық шағынауданында орналасқан. Бұл ауданда оқушы орынының тапшылығы байқалып келген. Жаңа білім ұясының ашылуы жақын маңдағы білім ордаларының жүктемесін азайтып, 1200 оқушыны заманауи және жайлы оқу жағдайымен қамтамасыз етеді деп күтілген.

Белгілі болғандай, қазір мұнда 1045 оқушы оқиды.

— Жаңа мектепті ұстау шығындары жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 бұйрығымен бекітілген жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, 1 баланы жылына ұстау шығыны — 436,6 мың теңге. Дейтұрғанмен оқу деңгейлеріне байланысты, яғни, бастауыш, негізгі және жоғары сыныптарда түрлі стандарттар бар. Бағдарламалардың күрделілігі мен мұғалімдердің жүктемесі әртүрлі. 1-4 сынып оқушылары үшін жылына бір балаға норматив 436 582 теңгені, 5-9 сынып оқушылары үшін 596 274 теңгені, 10-11 сынып оқушылары үшін 712 331 теңгені құрайды. Жылына бір балаға орташа норматив 581 729 теңгені құрап отыр, — деп хабарлады өңірлік білім беру басқармасынан.

Білім ұясында бүгінде 81 ұстаз жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы да жан басына шаққандағы қаржыландыру есебінен төленеді. Анықтағанымыздай, нормативтік қаржыландыру әдістемесі шығындардың келесі түрлерінен құралады.

— еңбекақы (жалақы, салықтар, өтемақы төлемдері, ынталандыру компоненті, педагогтар мен әкімшілік- басқару персоналының жыл сайынғы жалақысының артуы);

— оқу шығындары (оқу құралдарын, мектеп жиһаздарын, спорттық жабдықтарды және т. б. сатып алу);

— ғимаратты ұстау (ағымдағы жөндеу, ғимаратқа қызмет көрсету, дезинфекциялау, көгалдандыру, қоқыс шығару, т. б.);

— амортизациялық шығыстар (күрделі жөндеу және негізгі құралдарды сатып алу).

Еске сала кетейік, Қазақстанда 232 жаңа мектеп салынып жатыр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум