Павлодарда аязда жолда қалған автобустан 35 жолаушы құтқарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — 21 желтоқсан күні Астана-Павлодар бағытындағы автобанда ішінде отыздан астам жолаушысы бар автобус істен шығып, аязда тұрып қалған. Көлікте вахталық жұмысқа жіберілген азаматтар болған. Олардың барлығы жылыту пунктіне орналастырылды.

Автобус, жолаушылар
Фото: progorod43.ru

— 112 операторына «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — Ресей Федерациясының шекарасы» автожолында, Шідерті кентінен 5 шақырым жерде автобустың тоқтап қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аталған жерге жедел жетті. Барлық 35 жолаушы эвакуацияланып, Шідерті кентіндегі жылыту пунктіне жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болмады, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Анықталғандай, көліктің жанармай беру жүйесі істен шыққан. Автобуста вахталық жұмысқа жіберілген 35 отандасымыз болған. 

Департамент өкілдері автобус жөнделіп, жолаушылар өз бағыттары бойынша жолға шыққанын хабарлады.

Бұған дейін Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарғаны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар