Павлодарда балалар үйлеріндегі қыздарды зорлаудың тағы 11 дерегі тіркелді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Прокуратураның пәрменімен Павлодардың балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарындағы 105 қыз медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижелері 11 тәрбиеленуші бойынша жыныстық қол сұғушылықты анықтады.

Бұған дейін облыстағы балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарында тәрбиеленіп жатқан 10-16 жас аралығындағы қыздар медициналық тексеру өткізіліп жатқаны туралы хабарлағанбыз.
Прокуратура органдары ұйытқы болған дәрігерлік тексерумен кәмелет жасына жетпеген 105 қыз бала қамтылған.
- Тексеру барысында 11 қыздың ерте бастан пәктігінен айрылғаны тіркеліп отыр. Оның 8-і қазіргі уақытта Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне алынды. Олар бойынша сотқа дейінгі тексеру басталды, күдіктілер анықталып, ұсталды. Үш дерек қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тексеріліп жатыр. Бұған қоса балалардың үй жағдайындағы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты екі дерек тіркеліп отыр,-деп хабарлады бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова.
Бұл қылмыстардың барлығына бірнеше жыл болған. Тексерулердің нәтижесінде енді ашылып отыр.
Еске сала кетейік, өткен аптада Павлодар облысының аумағында кәмелет жасына жетпеген балаларды зорлаудың төрт бірдей дерегі тіркелді.
Ең әуелі Баянауыл ауданы Майқайың кентінде кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келгені туралы жағымсыз ақпарат тарады.
Одан соң дәл осы аталған елді мекенде 2009 жылғы ағасы мен 2008 жылғы қыз баланы екі ер адам зорлағаны туралы құзырлы органдар ресми ақпарат таратты.
Ал кейінірек Железин ауданында осыдан 6 жыл бұрын қорғаншылығына алған жетім қызды зорлап, бұл қылмысын полиция біліп қойған соң аңшы мылтығымен өзін атып өлтірген ер адам туралы жаздық.