Павлодарда химиялық парк құрудың негізі қаланды

ПАВЛОДАР. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше, 17 наурызда Германияның «CHEMPARK» химиялық паркінің басшылығымен кездесті,

Павлодарда  химиялық   парк  құрудың негізі қаланды

деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.

Бұл неміс мамандарының жауап сапары, өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Б.Сағынтаев немістің Леверкузен қаласындағы «CHEMPARK» паркінің жұмысымен танысып қайтқан еді.

Неміс сарапшылары аймақтың әлеуетіне жоғары баға берді және жаңа индустриялық аумақтың алаңы ретінде қарастырылып отырған бұрынғы химиялық зауыттың аумағымен танысу кезінде алған әсерлерімен бөлісті.

Парк басшысы Эрнст Гюнтер Григаттың айтуынша, Павлодарда химия өнеркәсібін дамытуға қажетті барлық жағдай бар.

Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, қажетті шикізатты жеткізу және химиялық паркті құру үшін қажетті мамандарды дайындау мәселелерін талқылады. Нәтижесінде, германиялық серіктестер Павлодарда химиялық парк құрудың және оны дамытудың тұжырымдамасын әзірлеу туралы ұсынысты қабылдады.

АНЫҚТАМА: немістің «CHEMPARK» паркінің аумағында 68 кәсіпорын жұмыс істейді. Ол жерде табиғатты қорғаудың барлық технологиялары қарастырылған: химиялық зиянды сарқындыларды жоюға арналған пештер, қатты қалдықтарды көметін полигон, су тазарту құрылғылары, т.б. бар.

Паркте барлығы 28 мың адам жұмыс істейді, онда өз кәсіпорындарына мамандар дайындайтын оқу орны да бар.