Павлодарда картопты қымбат бағаға сатып келген 8 дүкеннің иесі жазаланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жергілікті дүкендердің кейбірі картоптың келісін 350 теңгеден алып, 420 теңгеге сатқан. Үстеме баға 20 %-ға дейін өскені анықталды.

Облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті картоптың сауда үстемесін 16,4%-дан 20 %-ға дейін негізсіз арттырған сауда дүкендерін анықтады.
- Департамент қызметкерлері Павлодар қаласы бойынша 10 көкөніс дүкенін жоспардан тыс тексеріп шықты. Нәтижесінде олардың 8-інде картоптың тым қымбатқа сатылып жатқаны белгілі болды. Үстеме бағаға бекітілген шек 15%-дан аспауы керек болса, бұл дүкендер 16,4%-дан 20 %-ға дейін арттырып жіберген. Олар өнімнің келісін 350 теңгеден сатып алып, тұтынушыларға 420 теңгеден саудалаған, - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңына сәйкес сауда орындары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұған дейін Павлодардағы «Рахмет» базарында картопқа үстеме бағаны асырып жіберген жеткізуші жауапқа тартылған болатын.
Сондай-ақ Павлодарға қымбат картоптың қайдан келгені туралы жазғанбыз.