Павлодарда картопқа үстеме бағаны асырып жіберген жеткізуші жауапқа тартылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті картоптың сауда үстемесін 16,4%-ға асырғаны үшін көтерме жеткізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Павлодар облысының әкімдігі өңірдегі 23 шаруашылықпен жасаған меморандум аясында фермерлер картопты килограмына 100 теңге бағасымен босату бойынша міндеттеме алған. Операторлар өнімді Павлодар облысының 59 әлеуметтік дүкеніне жеткізеді. Картоптың дүкендердегі бағасы — 120 теңге.
— Біздің департамент картоп бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде картопқа арналған сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бүгінгі күні картоптың сауда үстемесін асырғаны үшін бір көтерме жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Рахмет» базарына өнімді тұрақты жеткізуші үстеме бағаны 16,4%-ға көтеріп жіберген. Ал бекітілген шек — 15%-дан аспауы керек. Оған ескерту түрінде әкімшілік жаза белгіленді, егер бір жыл ішінде мұндай жағдай қайталанса айыппұл салынады, — деп хабарлады Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Бұған дейін Павлодарға қымбат картоптың қайдан келгені туралы жазғанбыз.