Павлодарда Қазақстан-ресей көрмесі ашылуда
ПАВЛОДАР. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда өндірістік кооперациядағы өңіраралық бастамаларды айшықтайтын Қазақстан мен Ресей өңірлерінің халықаралық көрмесі ашылады, деп хабарланды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Аталмыш көрме мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін екі елдің өңіраралық ықпалдастығының ІХ форумы аясында ұйымдастырылды.
«Астана» мұз сарайында Қазақстанның 11 облысынан және Ресейдің 15 өңірінен 200 кәсіпорын өз өнімдерін ұсынды.
Көрменің жұмысына министрліктер мен ведомстволардың және фирмалардың басшылары, жоғары технологияларды тұрақты дамыту саласындағы сарапшылар қатысады.
Қазақстандық және ресейлік компаниялар арасында өндірістік кооперация саласында тәжірибе алмасу бірлескен жаңа технологияларды енгізуде ынталандыру әсерін беретін болады.
Көрме қатысушылары арасында келісімшарттармен мен меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.