Павлодарда көшедегі ыстық су құбыры жарылып, ер адам күйіп қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жер астындағы ыстық су құбыры аяқ астынан атылып, пайда болған шұңқырға 35 жастағы ер адам түсіп кеткен.
Оқыс оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазба авторы — зардап шеккен азаматтың қарындасының айтуынша, ол күнделікті адамдар жүретін тротуармен бейқам келе жатқанда аяқ астындағы жер ойылып, ыстық су толы шұңқырға құлаған.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты растады.
— 35 жастағы азаматтың екі сирағын 2-3 дәрежелі термиялық күйік шалған. Науқас Павлодар № 1 қалалық ауруханасының күйік бөлімшесіне жатқызылды. Жалпы тәнінің 7%-ы күйген. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Зардап шеккен тараптың жақындары оқиға бойынша жан-жақты тексеру жүргізіп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Өз кезегінде «Павлодар жылу желілері» ЖШС өкілдері аталған учаскеде құбыр зақымданып, жедел апаттық топтың оқиға орнына шыққанын мәлімдеді. Компания тарапынан тиісті жөндеу-қалпына келтіру шаралары қолға алынып жатыр.
Еске сала кетейік, Павлодарда сөмкедегі Power Bank жарылып, бойжеткенді күйік шалды.