Павлодарда сөмкедегі Power Bank жарылып, бойжеткенді күйік шалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Желіде бойжеткеннің сөмкесінен алдымен түтін шығып, кейін жарылыс болғаны туралы бейнекадрлар тарады.
Оқиға Павлодардағы фитнес-клубтардың бірінде болған. () Бейнебақылау камерасының кадрларынан сөмкеден алдымен қою түтін шыға бастағанын көруге болады. Бойжеткен мұны бірден байқамайды, ал оны шешуге әрекеттенген кезде жарылыс болады. Сөмкедегі Power Bank-тің тұтанғаны көрсетілген.
Бұл ақпаратты Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы растады. Шақырту 14 маусым күні күндізгі сағат 4-тер шамасында түскен.
– Шақырту Естай көшесіндегі фитнес-клубтан түсті. Зардап шегуші – 39 жастағы әйел, оған дененің 10%-дан азын құрайтын термиялық күйік диагнозы қойылды. Ол Павлода қалалық бірінші ауруханасының травматологиялық пунктіне жеткізілді, – деп хабарлады жедел жәрдем станциясынан.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жеткізілген зардап шегуші ауруханаға жатудан бас тартқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда оқу-жаттығу барысында граната мерзімінен бұрын жарылып кеткен еді.