Павлодарда ҚР Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық шахмат турнирі басталады

ПАВЛОДАР. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Павлодарда бүгін Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусь, Түркия және Қазақстан командалары қатысатын ҚР Тәуелсіздік күніне арналған шахмат бойынша «PAVLODAR-OPEN» халықаралық турнирі ашылады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Павлодарда ҚР Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық шахмат турнирі басталады

Ашық чемпионатқа қатысуға 107 спортшы, соның ішінде 16 халықаралық гроссмейстер келді.

Облыста ашық чемпионат 2006 жылдан бастап сегізінші рет өткізілуде. 2012 жылы 7-ші чемпионатқа гроссмейстерлердің рекордтық саны - 20 адам қатысты.

Жеңімпаздар 10 айналым қорытындысы бойынша анықталатын болады. Жеңімпаздарға тағайындалған жүлделер - 450 мың теңге бірінші орын үшін, 300 мың - екінші орынға және 200 мың теңге үшінші орынды иеленген шахматшыға бұйырмақ.

Турнир 19 желтоқсанға дейін жалғасады.