Павлодарда құны 315 млн теңгенің заңсыз тауары жойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері 45 мыңнан аса вейптің көзін жойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Павлодарда құны 315 млн теңгенің заңсыз тауары жойылды
Фото: Артем Викторов/Kazinform

Шараны Павлодар облысы Экономикалық тергеу департаментінің (ЭТД) қызметкерлері ұйымдастырды. Оған қоғам белсенділері, сондай ақ жергілікті университет студенттері қатысты.

Павлодарда құны 315 млн теңгенің заңсыз тауары жойылды
Фото: Артем Викторов/Kazinform

Атап өтілгендей, заңсыз тауардың едәуір бөлігі жеткізушілерден тәркіленген. Өкінішке қарай, олар бұған дейінгі рейд кезінде ескерту алғанына қарамастан, заңсыз вейп сатуын тоқтатпаған.

— Жазда іс-шараларды өткізген кезде біз алғашқы тінту жұмыстарын жүргізіп, күдікті тұлғаларды анықтадық. Кейін тергеу барысында бұл адамдар заңсыз тауарларды сатуымен әлі де айналысып жүргені белгілі болды. Осыған байланысты біз жедел-іздестіру іс-шараларын өткіздік, қоймаларды анықтадық, тінту жүргіздік. Заңсыз айналымнан кезекті партия тәркіленді. Біз сол партия бойынша сараптамалар жүргізіп, вейп екенін дәлелдедік, — деді Павлодар облысы бойынша ЭТД басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов.

Бүгін вейптерді балғамен шағып, көзін жою жұмыстары басталды. Алайда бұл көп уақыт алатын тәсіл екен, сондықтан оларды ұсатқышпен жою туралы шешім қабылданды.

Павлодарда құны 315 млн теңгенің заңсыз тауары жойылды
Фото: Артем Викторов/Kazinform

Павлодар облысына мұндай тауар негізінен Астана мен Алматыдан келеді. Онда вейптер үлкен қоймаларда сақталады, бұл ретте заңсыз өнім Қазақстанға негізінен Қытайдан жеткізіледі. 

Камила Мүлік

Соңғы жаңалықтар