Павлодарда су толы шұңқырларға асфальт төсегендердің әрекеті көптің ашуын туғызды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Желіде көше жолдарындағы ой-шұңқырларды жөндеу жұмыстарына қатысты түсірілген видео талқыланып жатыр. Кадрлардан асфальттың су толы шұңқырларға төгіліп, төселіп жатқаны байқалады.
Бейнежазба Instagram-дағы жергілікті пабликтердің бірінде жарияланды. Ролик авторы кадрлардың 25 наурызда түсірілгенін айта келіп, әлгіндей жөндеудің мүлде қажеті бар-жоғына күмән келтіреді. Жаңа асфальт ешқандай дайындықсыз, шалшық суға төгіле салады да үстінен тегістеліп жатыр.
Мұндай бейберекет жөндеу жұмыстары желі қолданушыларының ашуын туғызды. Қала тұрғындары сапасыз төселген асфальт ұзаққа шыдамайтынын айтады. Қызық болғанда желіде мердігерді жақтап шыққандар да табылды. Олардың айтуынша, тұрғындар дұрыс жолды талап етеді. Ал жол жөндеушілер қолдан келгенше жасап жатқаны анық.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков көп талқысына түскен мәселеге назар аударып, бюджет қаражаты босқа жұмсалып жатыр деп алаңдаудың қажеті жоқтығын түсіндірді.
— Бұл — көшелердегі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге арналған уақытша шара. Оған бюджет қаражаты шығындалмайды. Мердігер ұйымдар бұл жұмысты өз есебінен істеп жатыр. Әрине, кейбір тұрғындарда неге шалшық суға асфальт төселіп жатыр, неге асфальт кесілмей жатыр деген сұрақ туындайды. Мұның себебі біз негізгі жөндеу жұмыстары басталғанға дейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көңіл бөлдік. Мердігерлерге өз есебінен шұңқырларды уақытша жамап-жасқау туралы тапсырма бердік, — дейді шаһар басшысы.
Еске сала кетейік, Шымкентте жолдың қақ ортасында асфальт опырылып түсті.