Павлодарда заңсыз 10 қоқыс үйіндісі анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Экологтар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Салынатын айыппұл мөлшері 1000 АЕК-ке дейін жетуі ықтимал.

Павлодарда заңсыз 10 қоқыс үйіндісі анықталды
Фото: Астана әкімдігі

Павлодар облысы бойынша экология департаменті полиция органдарының қызметкерлерімен, сондай-ақ облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірлесіп, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізген.

— Бірлескен тексеру нәтижесінде Павлодар қаласы аумағында 10 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 365-бабына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару және бақылау функцияларын жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын еске саламыз. Қазіргі уақытта қоқысты төккендер іздестіріліп жатыр, — деп хабарларды экология департаментінен.

Заңсыз қоқыс үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-1-тармағына сәйкес, айыппұл мөлшері 100-ден 1000 АЕК-ке дейінгі көлемді құрайды.

Еске сала кетейік, Алматыдағы қоқыс енді GPS-пен бақыланады.