Павлодарда жылыту маусымы басталды: Қалған өңірлер дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық мәселесі кезектен тыс қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өңірлердің дайындығы мен жаңғырту жұмыстары туралы баяндады. 

ТЭЦ
Фото: Руслан Мухамедьяров /Kazinform

Министрдің айтуынша, 14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде.

— Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры және негізгі жабдықтар бар. 17 мың шақырым электр беру желілері толық жөнделді, 9 қосалқы станциядағы жұмыстар аяқталу сатысында тұр, — деді Энергетика министрі.

Сондай-ақ жоспардағы 377 шақырым жылу желілерінің жалпы 97% немесе 366 шақырымы дайын.

— Өз кезегінде дайындық бойынша бірқатар өңір Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Мәселен, өткен аптада Сәтбаев қаласында жылу магистралінің жаңғырту толық аяқталды. Қазіргі уақытта желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілуде, — деді Ерлан Ақкенженов.

Петропавл қаласының жылу магистралдары бойынша дайындық 95% көрсеткен. Барлық жұмысты аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.

— Семейдегі үш жоба бойынша өткен аптада жұмыстардың тағы 15% орындалып, жалпы жоспардың 70% аяқталды. Алайда су тарту құрылғылары мен жылу алмастырғыштар 26 қыркүйекте ғана жеткізіледі. Осыған байланысты өңір әкімдігіне қажетті жабдықтарды жеткізуді жеделдету тапсырылды, — деді сала министрі.

Степногорск қаласында өткен аптада жылу магистралін жаңғырту жұмыстарының 24% орындалып, желінің жалпы дайындығы 76%-ға жетті. Жұмыстарды 25 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

— Осыған байланысты өңірлердегі жөндеу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау қажет. Министрлік жөндеу жұмыстарының барысын жергілікті жерлерге барып, күнделікті бақылауда ұстайды, — деді Ерлан Ақкенженов.

Еске сала кетсек, жылу беру маусымына дайындық барысы 16 қыркүйекте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралған болатын.

Петропавлда 80-нен астам көпқабатты үй жылыту маусымына әлі дайын емес.