Павлодарлық «SAMIYAN» квинтеті Түркиядағы өнер байқауында гран-приге ие болды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Түркияның айдынды Алания қаласында өткен V Халықаралық «Global Art Competition» байқауы қазақ өнерінің мерейін тағы бір мәрте үстем етті. Ертіс бойынан барған «SAMIYAN» ерлер вокалдық квинтеті қазылар алқасының таңдайын қақтырып, бас жүлдеге ие болды.
«SAMIYAN» ерлер вокалдық квинтеті бұл байқаудың нағыз жауһарына айналды десе болады. Мәдина Нұрғожинованың жетекшілігімен өнер көрсеткен ұжым репертуарының аса бай мәнерімен ерекшеленген.
— Абай әндерінің өзгеше өрнегінен бастап, италиялық классикалық туындыларды («Amore scuzami», «Dicitencello vuie») қазақы нақышпен астастыра білген квинтет жігіттерінің өнеріне шетелдік мамандар жоғары баға берді. Біздің шетелдік әріптестеріміз, өнер саласының майталмандары квинтеттің сәтті құрылған ұжым екенін де атап өтті. Олар ұжымның тарихына, шығармашылықтарына қызығушылық танытты, — дейді Павлодар музыкалық колледжінің директоры Серік Сыздықов.
«SAMIYAN» квинтеті 2016 жылы құрылған. Ұжым Павлодар өңіріндегі алғашқы кәсіби ерлер вокалдық ансамблі десе болады.
Бұл байқауда сондай-ақ Павлодар музыка колледжінің студенттері — скрипкашы Дана Ибраева мен қылқобызшы Айжанат Әбубәкір де гран-при иегері атанып қайтты.
Еске сала кетейік, Түркі елдерінің жас өнертапқыштары Астанада бақ сынап жатыр.