Түркі елдерінің жас өнертапқыштары Астанада бақ сынап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін мектеп оқушылары арасындағы халықаралық Robotek Grand Tournament Astana 2026 чемпионаты басталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған ауқымды жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен және түркі мемлекеттерінен келген жас инженерлер қатысып жатыр.

Түркі елдерінің жас өнертапқыштары Астанада бақ сынап жатыр
Фото: Kazinform

Екі күнге созылатын турнирге жалпы 220 команда тіркелген. Оның 45-тен астамы Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстаннан келген командалар.
Чемпионат барысында оқушылар өздері құрастырған әрі бағдарламалаған роботтарын түрлі тапсырмалар бойынша жарыстырады. Қатысушылар робот жарысы, заттарды сұрыптау, кедергілерден өту, дәлдік тапсырмалары мен инженерлік жобалар бағыттарында сынға түседі. Биыл турнир 9 бағыт бойынша ұйымдастырылған. Ал бүгін төрт санатта өзара бақ сынады.
Robotek Grand Tournament Astana 2026 ұйымдастырушысы Санжар Шалқарбековтің айтуынша, робототехникаға қызығушылық танытып жүрген балалар саны жыл сайын артып келеді.

Түркі елдерінің жас өнертапқыштары Астанада бақ сынап жатыр
Фото: Kazinform

— Чемпионат қатысушыларының 30 пайызы ауылдық жерлерден келген. Тағы 30 пайызы облыс орталықтарынан қатысып жатыр. Сонымен қатар жарыста бақ сынайтын жас инженерлердің 10 пайызы — қыз балалар. Біз робототехника мен STEM білім беру саласындағы гендерлік стереотиптерді жойып, қыздардың осы бағытқа қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөліп жатырмыз, — деді ол.

Жарысқа қатысушылардың бірі, 7-сынып оқушысы Әбілмансұр Құрамыс. Ол досы Тамерлан Бекетовпен бірге Ақтөбе облысынан келген. Жас инженерлер құрылғыны өздері бағдарламалап, түрлі датчиктер арқылы басқарады.

— Роботта жарық датчигі бар. Ол кубикке барған кезде оның қай жерде тұрғанын анықтайды. Ол үшін біз компьютер арқылы программа жазамыз. Ал басқару панелі арқылы роботтың программаларын қосып, енгіземіз. Бұл роботты 2 күнде EV3 конструкторларынан құрастырып шығардық, — дейді чемпионат қатысушысы.

Чемпионат аясында «Үздік ауыл командасы», «Үздік шетелдік команда», «Үздік инженерлік шешім» және «Үздік қыздар командасы» секілді арнайы номинациялар қарастырылған. Сондай-ақ жеңімпаздарға серіктес жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталады. Осылайша халықаралық турнир жас өнертапқыштардың инженерлік қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауына да мүмкіндік бермек.

Еске сала кетейік, қазақстандық оқушылар экологиялық мәселелерді шешуге арналған суасты роботын жасады.