Павлодарлықтардың мүлік және жер салығы бойынша берешегі 3 млрд теңгеден асқан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының тұрғындары жеке мүлік және пайдаланып отырған жер телімдері үшін салық органдарына жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астам қаржы қарыз.

Мамандар салықтық берешектер 1 қазанға дейін өтелуі керек екенін ескертті. Салықтық берешек туралы хабарламалар азаматтардың ұялы телефондарына түсе бастаған.
«Биыл мүліктік салықтарды төлеу жеңілдей түсті. Үй мен жер телімі үшін төленетін салықтар біріктірілді. Бұл өзгеріс көптеген мүлік иелері үшін төлем жасау кезінде тиімді болып отыр. Салық төлемі туралы хабарлама мүліктің бірнеше иесіне келіп түсуі мүмкін. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі мүлікке сол уақытта кім иелік етсе, төлемді де сол жүргізуге міндетті», деп мәлімдеді Павлодар облысы мемлекеттік кірістер департаментінен.
Еске сала кетейік, Екібастұз 2-МАЭС-інен бюджетке 640 млн теңгеден астам салық өндірілді.