Павлодарлық домбырашылар «Лапландиядағы рождестволық кештер» фестивалінде арнайы дипломмен марапатталды
ПАВЛОДАР. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Павлодарлық домбырашылар Финляндияда сәтті өнер көрсетіп қайтты, деп хабарланды білім басқармасынан.
Павлодар музыкалық колледжінің «Өнеге» инструменталды триосына «Лапландиядағы рождестволық кештер» ІІ халықаралық фестивалінің «Жоғары орындау шеберлігі» арнайы дипломы табыс етілді.
Қазылар алқасы мен көрермендер студенттер - Ерасыл Әділбеков, Мейірман Байбосынов және Дастан Жиеналиннің домбырада ойнау шеберліктеріне тәнті болды.
Ансамбль жетекшісі Рыскүл Сабековаға алғысхат берілді.
Леви қаласында (Финляндия) өткен фестивальға жаңажылдық мереке күндері ТМД елдерінен 160-тан астам өнер иесі қатысты.
Бес күн бойы жас дарындар шеберлік сабақтарға қатысты, Санта Клаусқа саяхат жасап, Сант-Паркте концерт қойды.